Аудан жайлы ақпарат

Аудан табиғаты

Ауданның табиғаты тамылжыған қазыналы байлығы орасан, Балқаш көлін, Алтай көлін, Жасылкөлді, таулы аймақтағы танғажайып өзен-көлдерді тамсанбай тамашалау мүмкін емес. Аудан аумағынан өтетін Лепсі, Теректі, Басқан, Сарқан өзендері осы көлдердің кемерінен төмендемеуіне үлес қосады. Жоңғар Алатауының қойнау-қолаттарындағы қайталанбас табиғи мекендер ерекше. Солтүстік орталық таулы қыраттардың биіктігі 4000-4500 метрге жетеді. Осы шыңдарды мәңгі мұз құрсаған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 19 шілдедегі №746 «Республикалық маңызға ие ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізілімін бекіту туралы» Қаулысымен осы санатқа ауданымыздағы Лепсі мемлекеттік табиғи қорығы және Қоқан мемлекеттік табиғи қорығы енгізілді.
Сарқан мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесінде 6 экологиялық туристік маршруттар белгіленген. Ауданымыздың танғажайып мекен-қоныстарын көрсетуді мақсат тұтқан бұл маршрут шекаралық аймақтарға дейін созылады. Туристер үшін бұл жердегі қайталанбас пейзаждар, таудың таза ауасы, таудың жабайы жануарлары мәңгілік әсер қалдырады.


Аудан туралы мәліметтер

Сарқан ауданы 1928 жылы құрылған, аудан орталығы – Сарқан қаласы. Аудан аумағы 24,4 мың шаршы километр. Бүгінгі таңда аудан көлемінде 36 елді мекен қоныстанған. Ауданда 1 қалалық округ, 13 ауылдық округ бар.
Тұрғындар саны 41885 адам. Оның ішінде 13448 адам қала тұрғыны, 28437 адам ауылда тұрады. Қазақ халқының үлесі 78,2%, орыс – 17,1% және өзге ұлттардың өкілдері –  4,7%.
Ауданда 5 мәдениет үйі бар – Сарқан аудандық мәдениет үйі, Лепсі поселкелік мәдениет үйі, Екіаша, Қойлық, Шатырбай ауылдық мәдениет үйлері. Мәдени құрылымдар аудандық бюджеттен қаржыландырылады.
Лепсі ауылындағы Мұқан Төлебаев атындағы мемориалдық мұражай және Черкасск ауылындағы «Черкасск қорғанысы» мемориалдық мұражайы облыстық бюджеттен қаржыландырылады.
31 Мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер бар. Мектептердің барлығы 100% компьютерлендірілген. Ауданда 2 мектепке дейінгі мекеме, кәсіптік лицей, гуманитарлық колледж, балалар шығармашылығы үйі жұмыс істейді. 85 спорттық құрылымдар, 1 стадион, 26 спорт залы, 3 спорт клубы, 1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі бар.

Суретте:  Сарқан ауданының әкімшілік ғимараты

 

Аудан орталығы: Сарқан қаласы. 1928 жылы құрылған. Аумағы 24,4 мың шаршы километр. 36 елді мекенде 45,4 мың адам тұрады. Аудан орталығынан Талдықорған қаласына дейін – 153 километр. 14 ауылдық, поселкелік және қалалық округтер бар.
Сарқан ауданы Талдықорған облысының орталық бөлігінде орналасқан. Солтүстігі Шығыс Қазақстан облысымен,  шығысы Алакөл ауданымен, оңтүстігі Ақсу ауданымен және Қытаймен, батысы Ақсу ауданымен шектеседі.
Ауданның әкімшілік орталығы – Сарқан қаласы, Алматы-Өскемен күре жолының 416 километрінде (Алматы қаласынан есептегенде) орналасқан, таяудағы теміржол желісі Алажиде стансасына дейін 130 километр, Лепсі стансасына дейін 180 километр.
Сарқан туралы алғашқы болып Ш.Уәлиханов өзінің күнделігінде атап өткен, Н.П.Ивлев 1857 жылы осы елді мекен туралы айтады. Сарқан өзенінің жағалауында 1858 жылы елді мекен қоныстанып, Қапал және Лепсі уездерінен 22 отбасы келген. 1872 жылы алғашқы мектеп ашылған.
Ол кезеңде бұл өңір бидай, қара бидай, сұлы жемдік дақыл өсірумен шұғылданған. Ара шарауашылығы жақсы дамыған. 1890 жылдары бау-бақ және жүзім шаруашылығы қолға алынған.
1928 жылы ҚазССР Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитетінің шешімімен Сарқан ауданы құрылды, оның құрамына Черкасскі болысы мен Лепсі уезі енді. 1929 жылы аудан аумағында алғашқы боп Тополевка ауылында «Красный Путиловец», Сарқан селосында «Красный Октябрь» колхоздары құрылды. 1929-1935 жылдары ауданда 35 артель болды. 1930 жылы аудан таратылып Ақсу және Лепсі аудандарына берілді. 1933 жылы 1-наурызда «Путь Ленина» атты аудандық газет шықты. 1935 жылы Сарқан ауданы қайта құрылды. 1934 жылы алғашқы машина-трактор стансалары жұмыс істеді. 1935 жылы ауданда 14 мектеп болды. Оның ішінде 2 орта, 2 жетіжылдық, 10 бастауыш мектеп барлығы 530 оқушыға дәріс берді. 1935 жылы ауданда 35 телефон нөмірі жұмыс істеді. 270 нүктелі радио торабы болды. 1600 газет және журналдарға жазылды.
1935 жылы дыбысты киноқондырғылар келді. 1964 жылға дейін Сарқан село болып аталды, 1964 жылғы қыркүйек айынан 1968 жылғы қазан айына дейін қала типтес поселке атанды. 1968 жылы 31 қазанда ҚазССР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының Жарлығымен Сарқан қаласы деп өзгертілді.
Санақ бойынша 1989 жылы қала тұрғындары 21550 адам болды, 2002 жылғы 1-қаңтардағы мәлімет бойынша қала халқы 15803 адамды құрайды.
Аудан аумағында Балқаш, Жасылкөл көлдері, су көздері бар. Сарқан, Басқан, Лепсі өзендері жер құнарларын артыра түседі. Лепсі өзенінің бастауы теңіз деңгейімен есептегенде 3 мың метр биіктікте. Өзеннің жалпы ұзындығы 417 километр. Тегіс жерлерде өзеннің кеңдігі 30 метрге, тереңдігі 5 метрге жетеді. Сарқан өзені бастауын Қарасырық асуынан алады. Өзен ұзындығы 100 километр, оның 60 километрі тау аңғары арқылы ағады. Евразия континентіндегі бұл аумаққа қысқа да болса суық қыс және ұзаққа созылатын ыстық жаз тән. Орташа ауанын жылдық температурасы ауданның тегіс аумақтары мен таулы аймақтарында 6,2-7,7 градус аралығында толқып тұрады.
Аудан аумағында Жоңғар Алатауы және Балқаш-Алакөл жартылай шөлді аймақтары орналасқан.
Жоңғар Алатауы ауданның оңтүстік, оңтүстік-шығыс, шығыс бөліктерінде орналасқан. Ең биік таулы қыраты теңіз деңгейінен 4364 метр биіктікте. Шыңдары мәңгі мұз құрсанған. Ауданда қазба байлыққа толы жер қыртыстары мол, асыл тастар, мироболит, т.б. қазбалар зерттеліп, айқындалған.
Ауданда 24 мектеп жанындағы спорт залы, 22 спорт алаңы, 25 футбол алаңы, 8 еркін күрес секциясы, 2 дзюдо секциясы, 2 греко римдық күрес секциясы, 2 бокс секциясы, 22 волейбол секциясы, 28 футбол секциясы, 1 таэквандо секциясы, 27 шахмат секциясы, 27 тоғызқұмалақ секциясы, 23 баскетбол секциясы, 12 теннис секциясы бар.

 


 

Тарихи – географиялық очерк

Аудан облыстың солтүстік-шығыс бөлігінде, таулы-жазықты аймақта орналасқан. Солтүстігі Шығыс Қазақстан облысымен, шығысы Алакөл ауданымен, онтүстігі Ақсу ауданымен және Қытаймен, батысы Ақсу ауданымен шектеседі. Аудан аумағы арқылы ұзындығы 416 километр Лепсі өзені, 40 километр Теректі өзені, 130 километр Басқан өзені, 43 километрге созылып Ақсуға құятын Сарқан өзені өтеді.
Ауданда Балқаш көлі, Алтау көлі, Жасылкөл, Екіаша ауылдық округіне қарасты таулы өңірдегі өзен-көлдер ірі су көздері болып табылады. Көлдер мен өзендер балыққа бай. Өзен-суларында сазан, форель, табан тағы басқа балық түрлері мол кездеседі. Балқаш көлінде жайын, алабұға тағы басқа ірі балық түрлері бар.
Климаттық жағдайы күрделі, қысы басқа өңірлермен салыстырғанда жылымық, жазы ыстық болады. Орташа температура қаңтар айында 17-20 градус аяз, шілдеде 19-23 градус жылы.
Экономикалық дамудың негізгі бағыты ауыл шаруашылығы, оның ішінде қант қызылшасы, майлы, дәнді дақылдар болып табылады. Тәлімі және суармалы егістік жолға қойылған. Қой шаруашылығы, етті және сүтті мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығы даму үстінде.
Аудан аграрлық болып есептелетіндіктен ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 84 пайыздан 91 пайыз аралығында.
Ауданда гранит, мирабилит, бентон балшықтары сияқты табиғи қазбалар бар.
Аудан аумағында Қазақстанның Қызыл кітабына енетін ондаған өсімдіктер өседі. Сонымен қатар Қызыл кітапқа енген қызыл қасқыр, Тянь-Шаннің бурыл аюы, еуропа құндызы, қар барысы және сирек кездесетін құстар мекендейді. Басқа да баялыш, жусан, ермен, сексеуіл, жалбыз және басқа да дәрілік өсімдіктерден кенде емес. Итмұрын, шәңгек, арша, жыңғыл сынды бұталы өсімдіктер, таулы аймақтарда шырша, қарағай, қайың, емен, тағы басқа тау шыңдарын өрлей өсетін қылқан жапырақты ағаштар жердің, таудың сәні. Сарқанның дәмді де нәрлі алмаларының даңқы көпке аян. Аудан аумағындағы сирек кездесетін аң-құстарды, өсімдіктерді толық санамалап шығу мүмкін емес. Тіпті атының өзі сирек айтылатын ұлардың, бүркіттің түр-түрлері біздің өңірден кездеседі.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер