Алматы облысында «5-10-20» пилоттық жобасын түсіндіру жұмыстары басталды

«Нұрлы жер» бағдарламасының шеңберінде баспаналы болудың жаңа бағыты пайда болды. Мемлекет басшысы ұсынған «5-10-20» жаңа тұрғын үй бағдарламасы арқылы үйге қол жеткізудің алғы шарттарын ел арасында түсіндіру жұмыстары басталды.
Баспанаға мұқтаж, мемлекеттік үйдің кезегінде тұрғандар үшін оңтайлы бағдарлама болғаны сөзсіз. Мемлекет тарапынан ұсынылған арнайы жобаға пәтері бар тұрғындар қатыса алмайды.
« 5-10-20 пилоттық жобасы арқылы үй иесі атану үшін, ТҮҚЖБ-де депозиті, сәйкесінше пәтер құнының 10 пайызы көлемінде жинағы болуы міндетті. Несие мерзімі 20 жыл. Жылдық мөлшерлемесі 5%-ды құрайды»,- дейді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің директорының орынбасары Жасұлан Маратұлы.
Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. Қазір жобаның шарттары талқыланып жатыр және келесі параметрлер ұсынылуда:
Ең жоғары заем сомасы жеке құрылыс салушылар ұсынған жаңа үйлер бойынша Қазақстанның әр аймағына байланысты:
– Нұр-Сұлтан, Алматы және осы қалалардың маңындағы аймақтар үшін 18 млн аспайды;
– Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Түркістан және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы үшін 15 млн теңгеден аспайды;
– басқа аймақтар үшін 12 млн теңгеден аспайды.
Әкімдіктер салған несие тұрғын үй бойынша 1 шаршы метр бойынша келесі баға параметрлері белгіленген:
240 мың теңгеге дейін – Алматы қаласында;
220 мың теңгеге дейін – Нұр-Сұлтанда және осы қала маңындағы аймақта;
200 мың теңгеге дейін – Шымкент қаласында және Алматы маңындағы аймақта;
180 мың теңгеге дейін – Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Түркістан және Қарағанды облыстарында;
160 мың теңгеге дейін – басқа аймақтарда.

Алматы облысында ТҮҚЖБ-нің 10 кеңес беру орталығы бар. Оның 3-і облыс орталығында, қалғаны аудандарда. 90-нан аса кеңесші әр тұрғынның сауалына толыққанды жауап береді. Тіпті, қазір бұл мекемеде 20 сәуірден бері видео-банкинг қызметі де бар. Яғни, тұрғындар кеңсеге бармай-ақ, үйде отырып онлайн депозит аша алады.

Мәліметпен бөлісу:

Бейне роликтер