Ардагерлердің ақ батасы

2018 жылғы 5-ші қазандағы Елбасының Қазақстан халқына арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында еліміздің болашағы – жастарға айрықша көңіл бөлініп, 2019 жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынған болатын. Осыған орай, Елбасының Жарлығымен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланып, 25-қаңтарда Астанада жастар жылының салтанатты ашылуы өткізілді.

Өткен жұма күні Сарқан аудандық мәдениет үйінде өткізілген Жастар жылына арналған «Ардагерлердің ақ батасы» атты форум өзіндік ерекшелігімен есте қалды. Жиынға арнайы шақыру бойынша ауданның «Құрметті азаматтары», еліміздің әр тарапынан келген өнер, медицина, спорт саласының майталмандары, танымал сыйлы азаматтар, аудандық Ардагерлер ұйымының мүшелері, аудандық «Жастар ресурстық орталығының» нұсқаушы-мамандары, қала, ауылдық округтерінің әкімдері, мемлекеттік мекеме, кәсіпорын басшылары қатысты. Сахна   шымылдығы   Н.Островский атындағы мектеп-лицей  ұстаздары оқыған  Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңімен ашылды.

Содан соң зал толы көрермендер Сарқан  жастар ресурстық орталығы дайындаған бейнефильм арқылы аудан жастарының бастамашыл, қайырымдылық іс-шараларымен танысты.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының: «Сендер-болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің-елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиялда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш» деген пайымы  жастарымызға айқын жол нұсқайды. Ұлт көшбасшысының сенімін ақтар жастар  ауданның барлық саласында да баршылық.  Бүгінгі таңда аудандық орталық ауруханада 10-ге тарта жас маманның еңбек етуі осы сөзіміздің айғағы. Олардың ішінде квота бөлініп, арнайы шақырылған 20-дан аса жоғарғы білімді жас дәрігерлердің атынан сөз алған  жоғары білімді  реаниматолог жас дәрігер Ернар Сүлейменов тұрақты жұмыспен, қызметтік пәтермен қамтамасыз етіп отырған аудан басшылығына алғысын білдірді.

Келесі кезекте Сарқан шекара комендатурасы комендантының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, капитан Бауыржан Ақыбаев өз сөзіне патриоттық сезімді,  Отан қорғау парызын арқау етсе, жас кәсіпкер Қуаныш Алдекенов қолға алған ісін ілгерілетемін деген жастарға мемлекет тарапынан берілетін көмекті саралап берді. Қай заманда болмасын жас ұрпақтың буынын босатпай, қанатын қатайтып саналы тәрбие беру мен рухани құндылықтарды жас буынның бойына сіңіруде ұстаздың  алар орны ерекше. Жас ұстаз, Абай атындағы мектеп-гимназия директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дастан Қалиевтің сөзі осы арнадан табылды.

Сарқан ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Ардагерлер ұйымының» төрағасы Қадыл Жанасбеков,  күні кеше Сарқан ауданын басқарған, Балқаш, Сарқан аудандарының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Ерғазы Қошанбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, танымал кино және театр актері Саят Мерекенов болашаққа нық сеніммен қадам басқан жастарымызды өзара келісім мен татулықта, сабақтастық пен ортақ бағытта өмір сүруге шақырып, ақ баталарын ақтарды.

Форумға  облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейт арнайы қатысып, ізгі тілегін ортаға салды. Жиынды Сарқан ауданының әкімі Марат Разбеков қорытындылады. Аудан әкімі жиналғандар алдында «Сарқан» газетінің бас редакторы Жомарт Игіманды Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің  «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісімен марапаттады.

Жиын соңында аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Аслан Күбентаев болашаққа бағыт беретін форумда алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға жастар атынан сөз берді. Сахнаға көтерілген форумның негізгі кейіпкерлері –  жастар  «Армандастар» әнін  шырқап, жиын соңы шағын концертке ұласты.

 

Өз тілшіміз.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер