Ауғанстан жүректегі жара атты аудандық баскетбол ойыны

Биыл Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 30 жыл. 1979 жылдан 1989 жылға дейін 10 жылға жалғасқан әскери қимылдарға Қазақстаннан 22 259 азамат аттанған. Олардың мыңға жуығы жат елде жан тапсырды. Туған топыраққа мүгедек болып оралғандары қаншама. Жастығын жалын шарпығандар әрдайым ел есінде. 30 жылдыққа орай биыл елімізде көптеген тәрбиелік мәндегі шаралар ұйымдастырылмақшы.

31 қаңтар күні осынау атаулы мерзімге орай аудандық спорт мектебінде «Ауғанстан жүректегі жара» атауы аясында баскетболдан аудандық турнир болып өтті. Шараның салтанатты ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Ғ.Маманбаев мерекеге орай өңірімізде бірқатар іс-шаралардың жоспарланып отырғандығын жеткізіп, жастарға жылы лебізін білдірді. Өз кезегінде ауданның Құрметті азаматы, спорт ардагері Б.Тлеубаев, аудандық Ауғанстан локальдік соғыс ардагерлерінің және мүгедектер ұйымының төрағасы Е.Тоқжігітов сөз сөйлеп, сайыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Шараға орай аудандық мәдениет үйінің қызметкері Ж.Қойшыбаев шырқаған «Ауғандағы соғыстың куәгерлері» атты әуен де жүректерінде жазылмаған жарасы бар жауынгерлердің көңілін толқытқандығы сөзсіз.


Баскетбол бәсекесіне барлығы 12 команда қатысып, өзара мықтыны анықтасты. Нәтижесінде төмендегідей орындар белгілі болды. І орынды өзгелерден озық екендігін дәлелдеген Абай атындағы мектеп-гимназия иеленді. Ал ІІ орынға Алмалы орта мектебі, ІІІ орынға №1 мектеп-гимназия жайғасты. Сондай-ақ өзгеше ойын өрнегін көрсеткен №1 мектеп-гимназия оқушысы Мәжен Ермұхан «Ең үздік ойыншы» атағына лайық болса, «Ең үздік шабуылшы» Абай атындағы мектеп-гимназияның шәкірті Хамит Абулхайыр атанды. Барша жеңімпаздар марапат көрсе қатысушы командалар да құр қалмады.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер