Қазақ кәсіпкерлері туралы Қазақстанда кітап өте аз

Динара Сәтжан:

Елімізге танымал тележүргізуші, кәсіпкер әйел, «Мисс Қазақстан-2009» байқауының жеңімпазы Динара Сатжан Талдықорған қаласына алғаш рет  келіп, нәзік жандылар арасыда өткен семинар-тренингте жетістігінің қыр-сырымен бөлісті.

Бүгінде қазақ дизай­нер­ле­рінің өнімдерін өзге мемле­кет­тер­ге таныстырып, сән әлемінде қолтаңбасын қалдырып жүрген Динара Сәтжан «Әйел адамның биз­нестегі рөлі» тақырыбы аясында сөз қозғады.

Әр салада кәсібін дөңгелетіп жүрген табысты тележүргізуші телеарнаға 16 жасында келген. Тіпті, алғашында екі жыл тегін жұмыс істеуіне тура келген.

«Арман- адастырмайды. Жетістікке жету жолында ең бастысы осы сөзге сену қажет. Мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында еңбектенсеңіз, сол істің жемісін жейсіз. Жас кезімде жеке басыма, жұмысыма қатысты көптеген сын естідім. Алайда, мен берілген емеспін, керісінше ол  сын менің алдыға қарай жылжуыма серпін берді»,-дейді.

Сегіз жылдан астам кәсіпкерлікпен айналысып келе жатқан бикеш болашақта өзін сан қырынан сынап көруге әзір. Жақында бизнес жайында жазылған кітабын да  жарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

«Қазақстанда танымал кәсіпкерлер көп. Бірақ, олардың кәсібі жайлы жазылған кітап жоқтың қасы. Мысалы, Меломанға кірсеңіз ол жерде тек шетелдік кәсіпкерлер туралы бизнес кітаптарды оқи аласыз. Сол үшін менің ойымша, осындай кітап керек деп ойладым. Кітап жазуыма осы мәселе түрткі болды», – дейді Динара Сәтжан.

Бизнес тақырыбын қаузаған тың туынды, күзге қарай  оқырманның қолына тиеді деп жоспарлануда.

Сонымен қатар шара барысында тележүргізуші көрермен сауалдарына жауап беріп, жиналған  нәзік жандыларға өз құпияларымен де бөлісті. Жетістікке қалай жеттіңіз деген сұраққа, жетістігімнің  құпиясы күлкімде. Күлімсіреу де жетістікке жетелейді деп жауап қайырды.

Айта кету керек, аталмыш шараны Алматы облысының ішкі саясат басқармасы мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырды.

 

 

Балжан Қайратқызы

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер