Басты назарда – әлеуметтік сала

2019 жылдың 27 ақпанында Астана қаласында «Нұр Отан» партиясының ХVІІІ съезі болып өтті. Съезге еліміздің барлық өңірінен 2000-ға жуық делегат қатысты. Солардың ішінде Сарқан ауданынан делегат болып қатысу бақыты маған, яғни облыстық мәслихат депутаты Ж.Құлахметова, ауданымыздың бұрынғы әкімі, «Нұр Отан» партиясының ардагері – Е.Қошанбеков, аудандық партия филиалының төрағасының бірінші орынбасары М.Түсіповқа бұйырып, съезге қатысып қайттық. Екі күнге созылған жиыннан алған әсер, көңіл толқытар сәттер мәңгі есте қалары сөзсіз. Алматы облысынан шыққан делегация 26.02 күні таңертеңгі сағат 6.30-да Астана шаһарына табан тіредік. Ең әдемі, тамаша  сәулет туындысы – «Рэдиссон» қонақжайына жайғастық. Сағат 10.00-ден бастап Республикалық Ұлттық Ғылыми кардиология орталығында ұйымдастырылған панелдік сессия жұмысына қатыстық. Сессияны ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты З.Аманжолова ашты. ҚР Денсаулық министрі Е.Біртанов мырзаның қатысуымен «Дені сау адамдардың мықты ұлтын қалыптастыру» атты баяндамалар талқыланды.

Сессияда «Ұлттық Ғылыми кардиохирургия орталығының» төрағасы, жүрекке ота жасаудың шебері Ю.Пя, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы С.Сапиев өз сөздерінде Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға арналған іс-шаралар туралы, өмір сүру индексі және ЭЫДҰ стандарттарының Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытуға тигізіп отырған әсері жайлы айтты. Панелдік сессиядан кейін «Назарбаев орталығына», ҚР Ұлттық мұражайына саяхатқа бардық. Кешке «Қазақ хандығы Алтын тақ» фильмін тамашаладық.

Екінші күні Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» партиясының ХVIII съезі басталды. Съезд партияның 20 жылдық мерейтойына ойластырылған. Съезді М.Әшімбаев ашып, алғашқы сөзді Елбасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы Н.Назарбаевқа берді. Елбасы өз сөзінде басты мақсат: халықтың әл ауқатын жақсарту, оларға әлеуметтік қолдау білдіру екендігі туралы айтты. Осы іс-шараларға  республикалық бюджет пен Ұлттық қордан екі  триллионға дейін қаражат бөлінетінін баяндады.  Елбасы  «Нұр Отан» партиясы ең маңызды 3 мәселеге көңіл бөлуі керектігін ескертті. Атап айтқанда: аз қамтылған жанұяларды қолдау; Білім және денсаулық сақтау саласын жақсарту, күнкөрісі төмен жандарды баспанамен қамтамасыз ету; өңірлерді кешенді дамыту басты назарға алынып, төмендегі мәселелер қарастырылды:

-2019 жылы шілде айынан бастап ең төменгі жалақы алатын бюджеттік қызметкерлердің жалақысын 30% көтеру; -Облыс, аудандарда халықпен жұмыс істейтін төменгі буын қызметкерлері жалақысына 25% қосу; -4 балалы 340 мың отбасы бар екен, олардың кірістерін есептей отырып әр балаға 20789 теңге тағайындау; – Мүгедек балаларды бағу, қамқорлыққа алған балаларды бағу жәрдемақысын 30% ға көтеру; – «Бақытты отбасы» партиялық жоба барысында әкімдермен бірлесе отырып бағдарламалар қабылдау, мониториг жүргізу деп әлеуметтік саланың дамуына нақты тапсырмалар берді.

«Нұрлы жер» бағдар-ламасы аясында 40 мың арендалық пәтер салу белгіленді. Бұл үшін жылда 50 млрд. теңгеден бөлінетін болды. Көп балалы, толық емес жанұя, мүгедек балалары бар, аз қамтылған жанұяларға баспана алу жеңілдігі қарастырылды. 2-3% несие беру механизмі қарастырылуда. Сонымен қатар әр облыста бүгінгі заман талабына сай, сапалы білім беретін бір ЖОО, 10 колледж ашылуы тиіс. Алғашқы медициналық көмек көрсетуді қаржыландыруды 40-60% көтеруді жоспарлау. Сондай-ақ жергілікті жерде әкімдер барлық әлеуметтік мәселелердің шешу жолдарын іздестіруі тиіс. «Жолдар салынуда, газ берілуде, су жеткізілуде, яғни адамдардың жақсы өмір сүруіне жағдай жасалынуда, қаржы бөлінуде. Енді осы қаржының нақты орындалуын «Нұр Отан» партиясының бақылауына тапсырамын»,-деді Елбасы.

Жарыссөзге шыққан 13 партияластар әр өңірде әр салада атқарылып жатқан істер жайлы айтып, партияның Жарғысына енгізіліп отырылған өзгерістерді қолдайтындары жайлы айтты. Ұйымдастыру жұмыстарының есебі берілді. Сонымен съез өз жұмысын аяқтады. Енді алда осы жоспарлардың іске асуына бәріміз атсалысып, береке мен бірліктің нышанын көрсетейік, ағайын!

 

Ж.Құлахметова,

Алматы облыстық мәслихат депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер