Елдің сөзін сөйлеген биік төрден қайраткер, қаламгер Кәкімжан Қазыбаевтың 90 жылдық мерейтойы туған жерінде тойланды

Қыркүйектің 27-28 аралығында туғанына 90 жыл толған, азамат деген абыройлы атқа адал қалпында жұртшылық жадында қалған  Кәкімжан аға Қазыбаевтың жарқын бейнесін,  кісілік келбетін замандастарының, ізбасарларының, шәкірттерінің бағасы арқылы жерлестерімен  жете таныстыруға мүмкіндік туды. Қайраткер-қаламгерді   еске алуға арналған мерейтой салтанатына Алматыдан, Нұр-Сұлтан қаласынан қадірменді меймандар келді.

ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ұлағатты ұстаз, Кәкімжан Қазыбаевтың асыл жары Қарабалина-Қазыбаева Орынша апайымызбен бірге келген  меймандарды аудан әкімі Марат Разбеков қарсы алып, Бақалы ауылдық округіне қарасты К.Қазыбаев ауылында жерлестері әнмен шашу шашып қарсы алды.

Сол күні Бақалы ауылындағы К.Қазыбаев атындағы орта мектепте қаламгерді еске алуға арналған қойылым назарға ұсынылып,    мерейтой иесінің ұлы, “Алаш Медиа Груп” медиахолдингтің бас директоры Батыр Қазыбаев әкесінің атындағы мектепке естелік сыйлықтар ұсынды. М.Арын атындағы ауылдық Мәдениет үйінде кітаптар көрмесі мен мерекелік концертті көпшілік тамашалады.

Ертеңінде Бақалы ауылының атшабарында аламан бәйге ұйымдастырылып, І орынды Ақсу ауданынан келген Айбек Досаевтың арғымағы еншілеп, ақсулық Шалқар Алдабергеновтың тұлпары ІІ орыннан, Бақалы ауылынан Нұрбол Мұхаметжановтың қосқан жүйрігі ІІІ орыннан көрінді. Сол күні Қойлық   ауылындағы М.Жұмабаев атындағы орта мектепте еркін күрестен жарыс өтіп, І орынды сол ауылдың тұрғыны Дәулет Әкім жеңіп алды.

 

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер