Сәулемді елге түсірсем

Осындай атаумен аудандық «Мейірлі» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен аудандық мәдениет үйінде қайырымдылық концерті ұйымдастырылды.

Мақсат мүмкіндігі шектеулі жан Нұршат Нұғыманның электр құралдарын жөндеуге арналған шеберхана ашсам деген талпынысына қолдау көрсету. Осы мақсатта арнайы қор ашылып, жиналған қаржы аталмыш шапағатты шараға жұмсалмақ. Тағдыр басқа салған талқыға мойынсұнбай өз алдына жеке кәсіп ашсам деген азаматтың ақ ниеті жұмыс жоқ деп ошақ басын баққан қол-аяғы балғадай жігіттерге үлгі боларлық іс.

 

Қайырымдылық концертінде Балалар шығармашылық үйінің шәкірттерімен қатар мүмкіндігі шектеулі жандар да өнерлерін ортаға салып көпшіліктің қошаметіне ие болды. Ән әуелеп, би биленді, Отан туралы өлеңдер де ортаға салынды. Шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Марат Разбеков бүлдіршіндерге кәсіпкерлердің демеушілігімен сыйлықтар ұсынды. Жиын соңында «Мейірлі» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің өкілі Гүлнар Қасымханова аталмыш іске айрықша қолдау көрсеткен жандарға алғысын білдіріп, белсенді өнер көрсеткен бүлдіршіндерге Алғыс хат табыстады.

«Сана сауықпай адам сауықпайды, адам сауықпай қоғам сауықпайды» деп  ғұлама ғалым Әл-Фараби тағылымдағандай мұндай шаралардың қашанда берері мол. Жақсылық, қайырымдылық, мейірімділік, адамгершілік сынды адамды хайуаннан айрықшалап тұратын қасиеттер қашанда күн сәулесі іспетті жер бетіне өзінің жылулығын төгіп тұрады. Ең бастысы жүректегі жылу сөнбесін! Атаулы концерттен көпшілік осыны айқын сезінді.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер