Сарқан ауданының әкімі Марат Мелісұлы тұрғындар алдында қорытынды есебін берді

Бүгін аудандық мәдениет үйіне жиналған көпшілік аудан әкімі Марат Мелісұлының «2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2020 жылдың жоспарлары туралы» есепті баяндамасын тыңдап, өңірдің бүгіні мен келешегі жөнінде кең мағлұмат алды. Есепті жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоров қатысты.
Биыл аудан бойынша 2 850 га тәтті түбір себіліп, 97 мың тоннадан астам өнім алынған.


Экономиканың дамуында туризмнің алар орны ерекше. Осы орайда Балқаш көлі жағалауында демалатын адамдар саны күннен күнге артып келеді. Тек былтырғы жылы 17 демалыс аумағында 35 мың адам демалуға келген.
Жиында өңір басшсы ауданның тыныс-тіршілігі кеңінен қамтылған баяндамасында, «Өткен жыл ауданымыз үшін жаңа жетістіктер мен әлеуметтік жаңару жолында алға қарай қадам жасаған жыл болды. Президенттің Жолдауынан туындайтын міндеттерді орындауда бірқатар оң өзгерістерге қол жеткіздік. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде аудан экономикасы тұрақты дамып келеді», -деді.


Марат Мелісұлы есепті баяндамасында биылғы жылы атқарылатын шараларды саралап берді. Ауыл шаруашылық саласы бойынша өнім көлемін арттыру, мал шаруашылығын дамыту, өнеркәсіп саласын ілгерілету бағытындағы басымдық берілген міндеттерге тоқталды. Үстіміздегі жылы 9 млрд. теңгеге инвестиция тарту болжануда.
Баяндамадан соң залдан сұрақ қойған тұрғын жұртшылық көкейіндегі пікірді жандандырды. Жылу құбырлары жүргізілген көшелердің күйі сын көтермейді. Көктемгі-күзгі лайсаңда көпшілікке қолайсыздық туғызуда. Бұл сауалға орай аудан әкімі биыл қала аумағындағы 7 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілетіндігін жұртшылыққа жеткізді.
Жиынды қорытындылаған Бағдат Сайланбайұлы облыста атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, Сарқан ауданының алдағы алар асуларын саралап өтті.
-Ақсу қант зауытының іске қосылуына байланысты қызылша көлемінің арта түсуі заңдылық. Өнімін өткізіп, төлемақысын ала алмай жүрген шаруа қожалықтары болмауы тиіс. Мұндай сылбырлыққа жол берілмейді,-деген облыс әкімінің орынбасары ауданда жүзеге асырылатын ауқымды жобалардың бірқатарына тоқталып, залдан түскен, жарыссөзде көтерілген мәселелердің аяқсыз қалмайтындығына сендірді.


Тұрғындар есепті кездесуден кейін аудан әкімінің қабылдауында болды. Аудан тұрғындары аймақ басшысына түрлі сауалдарымен қатар жеке мәселелерін жеткізді.
Айта кетейік, 2019 жылы ауданның жалпы ішкі өнімнің көлемі 63,3 млрд. теңгені құрап, өнеркәсіпте 6,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілген.

Мәліметпен бөлісу:

Бейне роликтер