Сарқан ауданының әкімі жұмыс сапарымен Қарабөгет және Қойлық ауылдық округтеріне барып қайтты

Бүгін Сарқан ауданының әкімі Талғат Қанатұлы жұмыс сапарымен Қарабөгет және Қойлық ауылдық округтеріне барып қайтты. Ауыл тұрғындарының хал-жағдайларымен, тұрмыс-тіршілігімен танысып, ауылдың маңызды деген бірнеше әлеуметтік нысандарын аралап, мекеме қызметкерлерімен жүздесті.

Ауыл әкімдері шешімін таппай жүрген мәселелерді көтерді. Мәселен: қаңырап бос тұрған нысандарды іске қосу, мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын жасау үшін қаражат қарастыру, ауылдың ішкі көше жолдарына қатты жабын төсеп беру, саябақ салу сонымен қатар, ауылдық амбулаторияға жаңа жедел жәрдем көлігінің керектігі, ауыл жастарына арналған шағын спорттық алаңмен қамтамасыз ету. Осы мәселелерді шешу мақсатында аудан басшысы мекеме басшыларына бірнеше тапсырма беріп, заң аясында қарастыруды тапсырды.

Аудан әкімі Талғат Қанатұлы ауыл әкімдеріне де тапсырма жүктеді. «Ауылдың аркасынан бастап ретке келтіріп, бос тұрған ғимараттардың құжаттарын реттеп, іске қосу керек. Сондай-ақ, ауыл халқына жаңа жұмыс орнын ашу, сиреп бара жатқан алма бақтың ауқымын ұлғайту, Теректі өзені жағалауына көңіл бөліп туризм саласын дамыту керек», – деді.

Қойлық, Қарабөгет ауылдық округтерінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша бірнеше жоба жүзеге асуда. Нақтырақ, мектептердегі дәретхана, мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары және ішкі жолдардың ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалынуда.

Аудан басшысы ауылдарда бағдарлама бойынша жасалынып жатқан жөндеу, құрылыс жұмыстарына арнайы барып, мердігерлермен жүздесіп, мерзіммен сапаны ұмытпау керектігін баса айтты.

 

Мәліметпен бөлісу:

Бейне роликтер