Сарқандықтар Денсаулық фестивалін атап өтті

Алматы облысының Сарқан ауданында тау шаңғы базасында қысқы туризмді дамыту мақсатында денсаулық фестивалі өтті.
Енді тау шаңғысы спортын сүйетін жергілікті тұрғындар Текелінің тауы мен аудан орталығынан 500 шақырым жердегі Шымбұлаққа сабылмайды. Аудан аумағында жаңадан ашылған осы базаға келіп, шанамен сырғанап, шаңғы теуіп, балаларын қысқы спорт түрлеріне баулуда. Қазақтың қара домалақтары спортқа өте бейімді келетінін ескерсек, болашақта бұл өңірден олимпиада, әлем чемпиондары шығуы да мүмкін.


Шара барысында музыкалық, әр түрлі тағдамдардан байқау ұйымдастырылып сонымен қатар, гір тасын көтеру, қол күрес, шаңғы жарыстары сынды спорттық ойындарда жиылған қауымға ерекше әсер сыйлады.


Тау шаңғысы базасына қажетті қондырғылар мен құрал-жабдықтардың барлығы Швейцария елінен әкелінген. Таудың етегінде үйрек ұшып, айдынына қаз қонған тамаша көл де бар. Болашақта бұл жерде қысы-жазы жұмыс істейтін демалыс орны болмақ.
Аудан басшысы Марат Мелісұлы өз сөзінде: – «Жаз мезгілінде суға түсу, қыста шаңғы тебу адамның дене қабілеттерін дамытады. Өзім тау шаңғысын жақсы көремін, шаңғы тебу денсаулыққа пайдалы. Ауданымызда жылдан-жылға туризм саласы дамып келеді, Осы орайда ауданымыздағы «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесінің 11 экологиялық және мәдени-тарихи туристтік бағыттары белгіленіп, осы бағыттар арқылы биылғы жылы 1500 турист саяхаттап әсем табиғат аясында демалып қайтқан. Балқаш көлі жағалауында демалатын адамдар саны күннен күнге артып келеді. Тек былтырғы жылы 17 демалыс аумағында 35 мың адам демалуға келген», – деді.


Айта кетейік, денсаулық күніне орай ұйымдастырылған фестивальге 1000-нан астам адам келіп, демалып қайтқан.

Мәліметпен бөлісу:

Бейне роликтер