Жеңістің жетпіс төртінші көктемі

9 – Мамыр мерекесін сарқандықтар «Жеңіс саябағында» мәңгілік алауға гүл шоқтарын қоюдан бастап, майдан даласында ерлікпен қаза болған боздақтарымызды еске алып рухтарына тағзым етті. Негізгі шара орталық алаңда жалғасын тапты. Мерекелік шарада аудан әкімі Марат Разбеков Жеңістің 74 жылдығымен аудан тұрғындарын, Ұлы Отан соғысының және еңбек ардагерлерін айтулы мерекемен құттықтап, осы бейбіт өмір, тыныш заман сыйлаған ардагерлерімізге бас иіп алғысын жеткізді.


– Бүгінгі Жеңіс күні бұл ажал мен азапқа толы жылдар қатпарлы тарих бетінде қалды. Тарих мәңгі, бейбіт өмір үшін біз жаужүрек батырларымызды әрқашан мақтан етеміз.
1941 – 1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысына елімізден 1,5 млн қазақстандық аттанды. Ұлы Отан соғысына Қазақстаннан 23 бірлестік, 50 шақты полк пен батальон қатысты. Отандастарымыз Мәскеу, Ленинград, Украина, Беларусь, Балтық маңы мен Молдованы қорғау үшін шайқасып, Берлинге дейін жетті.
Жеңіс күні еліміздің әр өңірі үлкен рухпен ұйымдастыратын мерекелік шаралар Ұлы Отан соғысында құрбан болған аталарымыз бен әкелеріміздің, мәңгі жас болып, жадымызда сақталған жауынгерлер мен офицерлер рухына, бейбіт кезеңде дүниеден өткен ардагерлерге, бүгінде ортамызда жүрген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің құрметіне арналады». –деді сөзінде.
Жеңістің 74 жылдығына арналған мерекелік шара барысында ауданның өнерпаз қыз-жігіттері майдан даласында жас жауынгерлерге рух берген әскери-патриоттық, Отан туралы әндерді шырқап, мерекенің шырайын келтіре түсті.


Айта кету керек, Сарқан ауданынан майданға 15 мыңнан астам адам аттанса, бүгінде ортамызда Ұлы Отан соғысына қатысқан тек 3 ардагеріміз, 383 тыл еңбеккерлеріміз қалды.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер