«Қайта бастау алған көне дәстүр – Қымызмұрындық»

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында халқымыздың тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, болашаққа сеніммен бет алу басты ұстаным болғаны белгілі. Осы орайда ұлттық салт-дәстүріміздің ішінде жалпықазақтық мейрамдарымыздың бірі – қымызмұрындық мерекесінің алатын орны зор. Қымызмұрындық дегеніміз ел жайлауға шыққанда жазғытұрым аталып өтетін қымыз тойы. Қымызмұрындық, бие байлап, алғашқы қымыз ішу рәсімі. Құлын байлап, бие сауылып, оның сүті қорланып ашытылған соң, жиналған қымызға ауыл ақсақалдары мен көршілер шақырылады. Яғни алғашқы қымыз көпке бұйырсын деген тілекпен дастарқан жайылып, бата жасалады. Қазақ жерінде қымызмұрындық әр түрлі аталады. Жетісу, Батыс Қазақстанда қымызмұрындық, Сарыарқада биемұрындық, Шыңжаңда биебау, Моңғолияда бие байлар десе де, бірақ бәрінің мағынасы бір. Қытымыр қыстан жүдеп-жадап шыққан көшпенді ел жайлауға шығып жадырап, сағынған сүйікті сусынын, бүкіл халық болып ішіп, осы басқосуды нағыз мейрамға айналдырып келіпті.

Жуырда аудан әкімдігінің, аудандық ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен Сарқан қаласындағы өзен жағалауындағы алаңқайға шатыр тігіліп, сахна құрылып, желіге құлындар байланып, осы саламен айналысатын бес отбасының 12 биесі сауынға дайын тұрды. Жүргізуші қазақтың Ұлыстың ұлы күнінен кейінгі тойланатын қымызмұрындықтың мән-мағынасына тоқталып, ауданның Құрметті азаматы Болат Рахметқалиев жиналған жұртшылыққа, бағымындағы биелерінің алғашқы өнімі – саумалды көпшілікке ұсынған қымыз өндірушілерге бата берді.

Алғашқы болып сөз алған Сарқан ауданының әкімі Ерғазы Қошанбеков өткенге көз жүгіртіп, шипалы қымыздың адам ғұмырын ұзартудағы өлшеусіз орнын атап өтіп, өшкенді жаңғыртатын бұл шараның бұлжымас дәстүрге айналуын нысана тұтса, бұл шараға арнайы келген Алматы облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт қымыз өндірушілерге мал басы өсіп, өркендесін, саба толсын деген ізгі тілегін ортаға салды. Өз кезегінде Сарқан аудандық ақсақалдар ұйымының төрағасы Қадыл Тұрысбеков, аудандық орталық аурухана ардагерлерінің бастауыш ұйымының төрайымы Роза Алиева жиналғандарды дәстүрлі мерекемен құттықтап, шынайы ықыластарын білдірді. Ізгі лебіздер аралығында аудандық аурухананың әжелер ансамблі, аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері халық әндерін орындап, ізгі дәстүріміз қайта жаңғырған күн шырайлана түсті.

Бұдан соң меймандар қымызмұрындық рәсімін қызыға тамашалады. Биенің бауырына кіріп, жаңа сауылған ақуыз саумалды меймандарға ұсынған Тана Жетігенқызының қолынан дәм татқандардың ризашылығы шексіз.

-Біз қымыз өндірумен кейінгі жылдары ұдайы айналысып келеміз,-дейді Аманжол Тілеужанұлы. –Жаз бойы 6 бие сауамыз, өнімін сарқандықтар тұтынады. Қымыз өндіру әрі қасиетті, әрі пайдалы кәсіп.

Біз де осы тұжырымға қосыламыз. Тәнімізге сіңген, жанымызға жарасқан шипалы сусынымыз дастарханымызды ажарландыра берсін.

 

 

 

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер