Елбасының Ұлы Даланың жеті қыры атты мақаласы бойынша аудан ардагерлер форумы

Бүгін аудандық мәдениет үйінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын аға буын өкілдерімен талқылау мақсатында аудан ардагерлерінің форумы болып өтті. Форумда аудан әкімі Марат Мелісұлы жиналған қауымды өткен Тәуелсіздіктің 27 жылдығымен құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. Аудан әкімі мақалада айтылған бірқатар мәселелердің түйінін тарқата келе, сөзінде:
«Өсетін елдің қарты – қазыналы болар» деген даналық сөз бар. Тәуелсіз елдің ұлағатты ұлын, инабатты қызын тәрбиелеуде ата-әжелердің орны бөлек.
Өздеріңіздей аға тұтар алдыңғы буынның жүріп өткен жолы – болашақ ұрпақ үшін үлкен өмірлік мектеп.
Ежелден біздің халқымыз үлкенді құрметтеп, ақсақалдарды ардақтап, төрден орын берген.
Тарихқа көз жүгіртсек, қаншама ғасырлар бойы шежірелі, дана қарттарымыз – халқымыздың береке-бірлігін сақтап, елге үлгі бола білген. Ақыл мен парасатты тең ұстап, ежелгі салт-дәстүрді бұзбай, қазіргі бақытты шаққа жеткізген де сол қазыналы қарттар болатын.
Адам өткенін жақсы білмесе, болашаққа қадам баса алмайды. Тәуелсіз ел ретінде өткенімізді зерттеу, бұл күнге қалай келгенімізді, кімдердің арқасында жеткенімізді білу біз үшін өте маңызды.
«Уақыт – бүкіл оқиғаның өлшемі» – деген сөздермен үстіміздегі жылдың 21-қарашасында Президентіміздің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді.
Елбасы, бұл мақаласында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында көтерген мәселелерді нақтылай түсіп, ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайына кеңінен тоқталған.
Бұл мақала ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие өсиет болып табылады» деді, ол.
Мақаланың еліміздің көне салт-дәстүрін жаңғырту арқылы жас ұрпақтың өз тарихын біліп өсуіне, рухы биік тариыхына сыйластықпен қарайтын саналы, білімді ұрпақ тәрбиелеуде маңызы зор.
Жиын барысында Сарқан аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Жанасбеков Қадыл Тұрысбекұлы аға буын өкілдерін тұғыры биік Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, асыл қарттарымызды құрметтеп, үлгі-өнеге алу керектігін жеткізіп, жас ұрпаққа бағыт-бағдар сілтеді, сонымен бірге, жастардың еліміздің дамуына атсалысуын тілеп, аудан әкіміне алғысын білдірді.


Сонымен қатар, аудандық «Әжелер алқасының» төрайымы Асқарғалиева Шолпан Қабдолдақызы, Сарқан ауданының «Құрметті азаматы» Битимбиев Төлеухан Жомартұлы, аудан жастарының атынан Сарқан гуманитарлық колледжінің студенті, «Сарқан ауданының еріктілері» Жастар Қоғамдық Бірлестігінің мүшесі Айқын Үміт сөз тізгінін алып, мақалада айтылған мәселелерді талқылауда өз ойларын жеткізді.


Шара соңына мәдениет үйі қызметкерлерімен ұйымдастырылған концерттік бағдарлама жиынның сәнін келтірді.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер