Лепсі ауылының тумалары ашық аспан астындағы «БӨРЛІ СПОРТТЫҚ АЛАҢЫН» сыйға тартты

27 қазан күні Сарқан ауданына қарасты Лепсі ауылында үлкен той. Ауылдан шыққан азаматтар, жерлестер, ауыл азаматтары ауылымызға шағын спорт алаңын тарту етті. Бұл шараға Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Дәулен Меденов, ауыл әкімі Гүлнар Серікбаева, аудандық маслихат депутаты, Сарқан қаласының құрметті азаматы Мұрат Түсіпов және ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысты. Спорт кешенінің ашылу салтанатын мәдениет үйінің қызметкерлері ашты.

 

Жаңа нысанның көрме жібін қиған аудан әкімінің орынбасары өз құттықтау сөзінде жастардың спортта жетістікке жетуіне бұл алаңның септігін тигізерін, бұған әр тұрғынның ұқдыппен қарау керектігін сөз етті.
Спорт алаңының көлемі 1000 шаршы метрді құрайды. Биіктігі 6 метр. Спорт алаңының құрылысына 6,5 млн теңге жиналып, 187 ауыл азаматтары атсалысты. Футбол ойыны үшін арнай жабын төселген. Енді жазғы уақытта балалар жасанды жабынмен жабдықталған жаңа кешенде уақыттарын тиімді өткізе алады.


Бұл спорт алаңының бастамасы осыдан үш жыл бұрын жоспарланған. Жоспар құрып, ақылдасып, асар құрдық. Бәрі адамның ниетіне байланысты екен. Шүкір, жерлестеріміздің ауылға деген сүйіспеншілігі, махаббаты осы істі қолға алуға еш күмән келтірмеді. Бауыржан Момышұлы: «Тәуекелге бел бумасаң, өз қабілетіңді ешқашан біле алмайсың», – дегендей тәуекел етіп бұл істі бастап кеттік. Ең басты жанымызда болып, демеу көрсеткен өзіміздің ұстазымыз, әлі де ұстаздық етуден жалықпаған Мұрат Садыбаев ағамыз. Осы ауылдың азаматтары Ринат Талтүсов, Мереке Өмірбеков, Мерхат Аубакиров, Марат Ерназаров, Айдын Каримов және де кеше ғана ауылымыздың кіре берісіне арка тарту еткен ауылымыздың жанашырларының бірі Руслан Сәттібеков және де барлық ауыл тұрғындары. Ауылда өсіп-өнген бірақ басқа қалаларда тұратын жерлестер де бей-жәй қарамай өз көмектерін көрсеткенін Марат Ерназаров кезекті өз сөзінде баса айтты.


Енді бұл футбол алаңы ауыл жастарының спортпен айналысуына, салауатты өмір салтын ұстанатын орыны болмақ.
Қуандық ӨМІРЗАҚ, К.Ушинский орта мектебінің 11 «А» сынып оқушысы: -біз жаңа ашылған спорт алаңына өте қуаныштымыз. Бұған дейін футболды сазда, қара жерде ойнайтын едік. Енді міне, үлкен аға-әпкелеріміз жақсы алаң салып беріп жатыр. Жастардың атынан үлкен рақмет айтамыз және осы алаңды жақсылып ұстауға, жақсы спортсмен шығуға сөз береміз. Алаң жасыл болғандықтан ұнап тұр, сырты да қоршалған, доп сыртқа шығып кетпейді. Жарықтар қойылып, түнде де ойнауға мүмкіншілік бар. Мектептің жанына жақын. Енді достарымызбен бірге келіп ойнайтын боламыз.


Алғашқы күні-ақ командалар арасында футболдан жарыс жалауы желбіреді. Үздік шыққан командалар марапатталып, сыйлықтар табысталды. Игі бастаманың шарапатын көрген ауыл жұртшылығы дән риза. Жиын соңы ауылдан 13 шақырымда ат жарысымен жалғасын тапты.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер