Қойлық құпиясы

Егер «уақыт машинасына» отырып, осыдан тура 765 жыл бұрынғы Жетісу аймағына сапар шегу мүм­­кіндігі болғанда, біз қоңыр күздің бүгінгідей шуақты күнінде әйгілі саяхатшы Вильгельм де Рубрукпен жүздесер ме едік.. Еуропада емес, өзіміздің жер­ұйық мекенде. Өйткені дәл 7 жарым ғасыр бұрын көне құр­лықты дүбірлеткен француз мә­дениетінің өкілі Ұлы Дала тө­сіндегі өркениет ошағына қадам басқан еді. Франция королі IX Людовиктің елшісі, саяхатшы Вильгельм де Рубрук Жетісуға алғаш рет аяқ басып, керуен­ жо­лының тоғысындағы ірі қалаға келгендігі жайлы былай деп жазады: «…көптеген көпестер қатынап тұрған Қаялық деген үлкен қала таптық…». Саяхатшының ағысы қатты Іле өзені аңғарын бойлай өтіп, қазіргі Алматы облысының аумағындағы бірнеше арналы өзендерді кешіп өткеннен кейінгі суреттемесі осылай аяқталды. Яғни 1253 жылы IX Людовик патшаның пәрменімен Орталық Азия аймағына сапарға шыққан Рубруктың Жетісуға келіп, көне Қойлық шаһарына бас сұққаны жайлы дерек нақты. Рубрук жазбаларында Қаялық деп аталған көне қала қазіргі Сарқан ауданының аумағында жатыр.

Біздің заманымыздың IX-XII ғасырлары аралығында Жібек жолы бойындағы ең ірі сауда орталығы мен керуен көшінің тоғысында болған қарт Қаялықтың құпиясы әлі толық ашыла қойған жоқ. Шаһар атауы да ауыздан-ауызға көше келе Қойлыққа айналған. Тіпті Жетісудың шығысындағы өркениет ошағының нақты қай мекенде қоныс тепкені жайлы тарихшылар мен археологтердің арасында ұзақ дау бол­ған екен. Көне қала шежіресі жайлы тари­хи деректерді алғашқы болып ұсын­ған қазақтың біртуар ұлы Мұхамет­­жан Тынышпаев болатын. Одан әріде Шо­қан Уәлихановтың жазбаларында да Қой­лық жайлы қызықты дәйектер кездесе­ді. 1964 жылы Жетісу археология­лық экспедициясы барлау жұмыстарын аяқтап, көне қаланың Сарқан ауданы Антонов ауылының іргесінде болғанын анықтаған. Ал 1997 жылы археолог Карл Байпақовтың басшылығымен Қойлықта қазба жұмыстары басталды.

Көне шаһардың атауы жаңғырып, Антонов есімін иеленген ауыл Қойлық аталды. Қойлық қалашығы әлі күнге дейін құпиясын толық ашпаған тарихи жәдігер ретінде қалып отыр. Қазба жұмыстарының нәтижесінде осыдан 7 ғасыр бұрынғы өркениет өлшемін қолмен ұстатқандай дәйектер табылған. Мәселен, сол тұста Жетісу алабында будда, христиан және ислам діндері өркениетінің қатар дамығанына дәлел жеткілікті. Аршылған топырақ астынан мешіт, шіркеу, храм қалдықтарын көзбен көруге болады. Шығыс моншасы, түрік хамамы сияқты орындар да табылған. Қала ішінде коммуникация желісі де болғанына айғақ бар. Терең көмілген топырақ астынан шыққан қыш құбырлар ғимараттарға су жеткізу жүйесінің дамығанынан хабар берсе керек. Әрине бүгінгі заман үшін 765 жыл бұрынғы өркениет дегеніңіз аңыз ғана… Қойлықтағы қазба жұмыстары ашық әдіспен жүргізілуде. Бұл жағдайда аспан астындағы үйінділерді жаңбыр суы шайып, жәдігерлерді бүлдіріп кетпес үшін қазба қабаттары қайта көміледі. Өкінішке қарай, бұл көне қаланың тарихи келбетін қалпына келтіруге кедергі болып отыр.

Яғни аршылған қазбаны көруге ынталы адамдардың қорғандарды аралауына жағдай жоқ. Болмаса, тарихи туризмнің көзі ретінде Қойлық қалашығының екінші ғұмырына жан бітер ме еді? 2013 жылы Будда ғибадатханасының орнын толықтай қазып, қалпына келтіруге тырысқан Карл Байпақов қалашықтың үстін шы­нымен қаптап, қар мен жауыннан қор­ғайтын арнайы құрылғы орнату ­жайлы айтқан екен, бірақ ол арман жақын жылдары орындалатындай емес. Мәселе қаржыда… Қазір Қойлық ауылындағы Мағжан Жұмабаев атындағы мектептің ұжымы көне тарихтың шырақшысы болып отыр. Қазба орындарынан табылған жәдігерлер оқу орнының музейінде сақталуда. Мектептің оқушыларына дейін туған өлкесінің тарихы туралы аңыз әңгімені жатқа соғады.

Осы мектептің қорында ауыл тұрғындары тауып алған қыш құмыралар, басқа да көне өркениеттің белгісі бар жәдігерлер көптеп сақталған. – Қойлық қалашығы ЮНЕСКО пәрменімен «Дүние жүзінің мәдени мұрасы» тізіміне енген тарихи нысанның бірі. Алматы облысында мұндай 3 тарихи орын бар. Осы Қойлық, Талғар ауданындағы Талхиз қалашығының орны және Балқаш ауданындағы Қарамерген қорымы әлемдік өркениет белгісі ретінде қорғалады. Ал «Қасиетті Қазақстан» жобасына Алматы облысы бойынша макронысандар тізіміне 17 нысан, микронысан тізіміне 41 нысан енгізілген. Аймақта «Ескерткіштердің электронды картасы» жасалды. Оған аймақтағы 2444 тарихи, мәдени, табиғи ескерткіш кірді. Қойлық қалашығы да бұл тізімде бар. Биыл облыстағы 5 тарихи нысанға археологиялық қазба жұмыстары жасалуда.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер