Самғау сыйлығының жүлде қоры ұлғайды

Алматы облысының журналистеріне арналған облыс әкімінің «Самғау» журналистер сыйлығының көлемі ұлғайды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Алматы облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев мәлімдеді.
Былтыр Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 21 журналиске «Самғау» сыйлығын тапсырған болатын. Биылғы жылы «Самғау» байқауы жаңа жүлде қорымен өткізілмек.
«Байқау адамды қанаттандырады. Жүлдеге ие болып, оза шабу қуаныш сыйлайды. Осыған орай, Жетісу журналистерінің ақпарат саласындағы майталмандылығын ұлғайту мақсатында «Самғау» байқауы ұйымдастырылады. Байқау өзгешелігі былтыр операторлар мен бейне-инжинерлерді бір аталым шеңберінде бағаласа. Ал, биыл «Үздік монтаж» деген аталымды жеке қосып отырмыз. Сонымен қатар, өңірдің журналстикасын дамытуға ерен үлес қосқан ардагерлерді де марапаттайтын боламыз. «Үздік желілік басылым» деген де аталым бар. Бұл ретте қадамын сәтті жасап келе жатқан «taldykorgan-online.kz» порталын ерекше атап өтуге болады. Әрине, мықтыны байқау анықтайды. Барлығымыз да мықты болуға ұмтылуымыз керек»,-деді Р.Алпысбаев.


Осымен екінші мәрте ұйымдастырылатын байқауға Алматы облысында қызмет ететін БАҚ қызметкерлері, журналистер, блогерлер қатыса алады. Байқауға ағымдағы жылдың 1-ші қаңтарынан 1-ші қарашаға дейін Елбасының «Рухни жаңғыру: болашаққа бағдар», «Цифрлық Қазақстан», «Астанаға 20 жыл» және өзге де тапсырмаларын қамтитын аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық БАҚ беттерінде жарияланған жарияланымдары мен сюжеттерін 11 аталым бойынша ұсына алады.
Байқаудың қорытындысы 1-желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында шығарылады. Қазылар алқасы сырттан арнайы шақырылып, жұмыстарды бағалайтын болады. Қатысушылар мен жұмыстар саны көп болған жағдайда Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында анықталады. Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі Талдықорған қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан драма театрда, жаңа форматта өтпек.
Айта кетейік, былтыр шығармашылық байқауға бұқаралық ақпарат құралдарының 93 өкілі қатысып, 34 мақала, 43 сюжет, 10 пост пен 6 фотосурет материалдары ұсынылған болатын.
Байқаудың толық ережесін http://taldykorgan-online.kz/2018/08/28/6940/ әлеуметтік парақшасынан оқып, біле аласыздар.

Мәліметпен бөлісу::

Бейне роликтер